Бүгінгі таңда өмір қарқыны мен жаһандық экономика тынысы көбіне дүниежүзілік сауданың басты тораптарына айналып отырған кеңістіктерге тікелей байланысты. Еуразиялық логистикалық парк (ЕЛП) – А санатындағы ең ірі қойма кешендерінің бірі – Қазақстандағы жаңа тартылыс орталығы болмақ. Ашылу салтанаты 2025 жылдың 2 желтоқсанында Алматы облысының әкімі М. Е. Сұлтағазиев пен Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А. А. Бижанованың қатысуымен өтті. Бұл инвестициялық жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының даму жоспарына сәйкес негізгі логистикалық бағыттардың бірі болып саналатын «Шығыс қақпалар» полиорталығындағы алғашқы ірі қойма нысаны болмақ.

«Ашылғалы тұрған логистикалық парк Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне интеграциясын күшейтеді. Ол Қытайды, Орталық Азия мемлекеттерін, Каспий өңірі елдерін және Еуропа нарықтарын байланыстыратын бірыңғай логистикалық желінің маңызды элементіне айналады. Мұндай ауқымды нысандар транзиттік және экспорт-импорт ағындарының тиімділігін арттырып, отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды әрі Қазақстанның Еуразиядағы сауда хабы ретіндегі рөлін нығайтады», – деді ЕЛП ашылуына арналған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Еуразиялық логистикалық парк көлік бағыттарының қақ ортасында – халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік торабына кіретін Құлжа тас жолында орналасқан. Бұл орын өңірдің негізгі логистикалық артерияларына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Локацияның басты артықшылықтары: БАКАД жол айырығына дейін – 5 км, халықаралық әуежайға дейін – шамамен 20 км, ал Алматының орталығына жету – небәрі 35 минут.
«Біз Еуразиялық логистикалық паркті Қазақстан нарығының қарқынды дамуы мен сапалы қойма алаңдарына деген сұраныстың өсуіне жауап ретінде құрдық. Соңғы жылдары еліміздің елеулі экономикалық әлеуеті бизнесті кеңейтуге арналған А санатындағы қоймалар секілді инфрақұрылымдық платформалардың тапшылығына тап болды. ЕЛП осы олқылықты қысқартады — біз елдегі ең ірі А санатындағы алып-сатарлық жобаны іске қостық. Ол бизнес дамуының берік іргетасына және Қазақстан логистикасы инфрақұрылымындағы маңызды буынға айналады», – дейді «Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС атқарушы директоры Роман Жужлев.
Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін жетекші ойыншылар – халықаралық және отандық компаниялар тартылды. Жобаның девелопері – сапалы қойма активтерін құруға маманданған Aurora Development компаниясы (1,25 млн м²-ден астам қойма алаңдары жобаларын іске асыру тәжірибесі бар). Жобаның тең құрылтайшысы және тең инвесторы – Sudakov Group және бас мердігер – өнеркәсіптік объектілерді салуға кәсіби маманданған RAMS тобын құрайтын RAMS International құрылыс компаниясы. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) 16,6 млрд теңге көлемінде қаржыландырып, басты несиегер ретінде жобаның қаржылық негізін қамтамасыз етті.
Еуразиялық логистикалық парк Алматыдағы заманауи әмбебап қойма стандартын қалыптастырады: кешен халықаралық А санатындағы талаптарға сай келетін жалпы ауданы 50,3 мың шаршы метрді құрайтын екі корпустан тұрады. Кешен автоматты өрт сөндіру және түтін шығару жүйелерін қоса заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ қызметкерлерге арналған қажетті инфрақұрылым бар.

«ЕЛП – жай ғана жылжымайтын мүлік нысаны емес, бұл әріптестерімізбен бірге Орталық Азиядағы заманауи қойма қуаттарының тапшылығы сияқты жүйелі мәселені шешу үшін құрылған инфрақұрылымдық актив. Жоба - ЕАДБ үшін мыңдаған компанияның логистикалық шығындарын азайтуға, ал түпкі нәтижесінде – Еуразияның миллиондаған тұрғыны үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған инвестиция. Біздің Еуразиялық тауар өткізу желіміздің негізін дәл осындай жобалар құрайды», – деп мәлімдеді Еуразиялық даму банкі Жобалық блогының басшысы – аға басқарушы директоры Сергей Игнатов.
Заманауи қоймаларға деген қазіргі сұраныс - тұтынушылық мінез-құлықтағы өзгерістердің тікелей салдары. Қазақстан мен Орталық Азия елдері – Еуразиядағы ең жас аймақтардың бірі, мұнда сатып алушылардың өсіп келе жатқан бөлігі онлайнға көшіп, жылдам әрі болжамды жеткізу қызметтеріне сұраныс туғызуда. Қазақстанда 2024 жылы e-commerce үлесі жалпы бөлшек сауданың 14,5%-ын құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 есе көп.
«Біз Еуразиялық кеңістікте электрондық сауданы дамытуда зор әлеует көріп отырмыз, және оны іске асыру тікелей заманауи қойма инфрақұрылымын құруға байланысты. Халықаралық стандарттарға сай дәл осындай объектілер онлайн сауданы миллиондаған адамдар үшін шын мәнінде ыңғайлы әрі жылдам етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр», – дейді Ozon Қазақстан бас директоры Алексей Сапон.
ЖІӨ мен халықтың нақты кірістерінің өсуіне байланысты бөлшек сауда айналымының одан әрі артуын сенімді түрде айтуға болады. Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай Қазақстандағы бөлшек саудагерлердің заманауи қойма инфрақұрылымына жалпы сұранысы шамамен 4,5 млн шаршы метрге жетуі мүмкін.

DNS компаниясының логистика бойынша федералдық басқарушысы Владимир Любимов: «Географиялық орналасуы Қазақстанды Еуразияның түйіскен нүктесіне айналдырады, бірақ жеткізу жылдамдығын ішкі инфрақұрылым анықтайды. Дамыған жергілікті хабтар желісі транзитті жылдамдатумен ғана шектелмей, тауарды тұтынушыға жақындатады. DNS клиенттері үшін бұл нақты тиімділікке айналады: тапсырысты күту уақыты апталардан санаулы күндерге дейін қысқарады».
Ресми ашылу рәсімінің аясында NOYTECH пен «Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС арасында стратегиялық ынтымақтастықтың бастамасы болып табылатын келісімге қол қойылды.
«Еуразиялық логистикалық парктың пайда болуы - Қазақстанның бүкіл логистика саласы үшін маңызды қадам. Біз электрондық коммерция нарығының өсуі мен жоғары сапалы 3PL қызметтеріне деген сұраныстың қойма инфрақұрылымына жаңа талаптар қалыптастырып жатқанын көріп отырмыз. ЕЛП осы талаптардың барлығына сай келеді: бұл ауқымды, технологиялық және стратегиялық оңтайлы орналасқан объект, ол сала стандарттарын шын мәнінде өзгертеді.
Қазақстандағы NOYTECH үшін осындай алаңдардың болуы біздің қызметтер портфелімізді кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз болашақта ЕЛП-дағы қойма алаңдарын жалдауды қарастырамыз, бұл аймақтағы қатысуымызды күшейтіп, клиенттерімізге жеткізу тізбегін басқаруда тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті NOYTECH компаниясының Қазақстандағы директоры Валерия Кошелева.
Болашақта ЕЛП инвесторлары Құлжа тас жолы бойындағы перспективалы аймақты дамытуға және Алматыдағы логистикалық парк аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жоспарда кез келген клиент түріне арналған 300 мың шаршы метрге дейін жоғары сапалы қойма құрылысын салу көзделген. Сонымен қатар, ЕЛП көршілес елдердегі перспективалы нарықтарды дамытуға да ниет білдіруде.
«Тұрғындардың ыңғайлы әрі функционалды объектілерге көшуге қызығушылығы сақталып отыр. Бұл бізге нарыққа қолжетімді әрі сұранысқа ие шешімдер ұсынуға бірегей мүмкіндік. Қазақстанды қоса алғандағы орталық азия өңірі елдерінде заманауи логистикалық кешендерді салу жиналған сұранысты қанағаттандыруға және Қазақстанды қамтитын халықаралық логистикалық парк желісін құруға мүмкіндік береді, ол әр елдегі клиенттерге біркелкі ұсыныс пен сапа стандартын қамтамасыз етеді» - дейді жоба инвесторларының бірі - Sudakov Group компаниясының бас директоры Алексей Судаков.

Еуразиялық логистикалық парк – тек қойма кешені ғана емес, e-commerce, бөлшек сауда, девелоперлер мен инвесторлар үшін стратегиялық серіктес, сондай-ақ бүкіл аймақ үшін сенімді, ауқымды және заманауи логистикалық инфрақұрылым ұсынатын нысан.