«Тың тәжірибелер: адам және әлеуметтік өзгерістер жайлы хикаялар» басылымына ел бойынша 700-ден астам жобадан таңдалған 25 әлеуметтік бастама кіреді. Бұл жинақ Қазақстандағы әлеуметтік және қоғамдық өзгерістер саласындағы тек қазақстандық істерге арналған алғашқы басылым.
Жоба Dos Community қоры, «Шеврон» компаниясы және Steppe&World баспа үйінің серіктестігі аясында жүзеге асырылды және компанияның әлеуметтік серіктестері үшін жылдың мазмұндық қорытындысына айналды.
Бастамаларды іріктеу үш кезеңде жүргізілді және тоғыз айға созылды: ашық өтінімдер қабылдау мен жария дереккөздерді мониторингтеуден бастап, дәлелденген нәтижелілік, әлеуметтік әсер, басқарушылық жетілу, сенім деңгейі және ауқым әлеуетін қоса алғанда жеті өлшем бойынша сараптамалық бағалау жасалды. Қорытынды кезеңде далалық сұхбаттар жүргізіліп, деректер расталды.
Басылым рейтинг болып саналмайды және «ең үздік» жобаларды анықтауды мақсат етпейді. Оның негізгі міндеті – тұрақты нәтиже көрсеткен, өзге өңірлер мен салаларда ауқымдап бейімдеуге пайдалы болатын жақсы тәжірибелерді тіркеу және сипаттау.
«Мақсатымыз біреулерді салыстыру немесе бөліп көрсету емес. Әлеуметтік саланы дамытуға тірек бола алатын адамдар мен тәжірибелерді іздедік», — дейді «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі, «Тың тәжірибелер» кітабы жобасының үйлестірушісі Лейла Айтмұханова.
Кітапқа келесі бағыттар бойынша жобалар енді:
- білім беру және мүмкіндіктерге тең қолжетімділік (Teach for Qazaqstan, «Мың бала», Technovation Girls Kazakhstan, «Әрбір бала мектепке лайықты»);
- денсаулық сақтау және ерте көмек («Феталдық хирургия», «Балаларға өмір сыйла», Take Care Mom);
- инклюзия және отбасыларды қолдау («Асыл Мирас», Alem Connect, «Шағын ел» әлеуметтік ауылы, «Мама PRO»);
- спорт және қамқорлық мәдениеті («Алматы Марафон», My Win, «Саламатты болашақ»);
- құқықтар және медиа (Human Rights Hub, De Facto FM);
- цифрлық дағдылар, жұмыспен қамту және стартаптар (Orle Tech, ITMLab);
- қалалық орта және экология (Urbanitarium);
- оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіздік (SAQ);
- әлеуметтік логистика және қадір-қасиетті сақтай отырып көрсетілетін көмек («Тепло»);
- тәлімгерлік – өмірлік тірек ретінде («Тәлімгерлер»);
- мәдени индустриялар және таланттарды дамыту (BATYR LAB);
- ауладағы жастармен жұмыс («Аула клубтары»);
- аға буынды қолдау және тарихи жадты сақтау («Жеңіс»).
Мәселен, мәдениет саласында 2021 жылдан бері Батырхан Шүкенов қоры жас таланттарды қолдау арқылы өңірдің мәдени ортасын нығайтуға бағытталған Орталық Азия композиторлары, продюсерлері мен әртістеріне арналған BATYR LAB резиденциясын жүргізіп келеді. Өткір әлеуметтік сын-қатерлерге жауап ретінде 2024 жылы «Шеврон» компаниясының қолдауымен мұғалімдерді төтенше жағдайларда әрекет етуге даярлауға және жыл сайынғы су тасқындары аясында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған SAQ білім беру жобасы іске қосылды. Ал әлеуметтік қолдау саласында «Дара» қоры мен оның серіктестерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Тәлімгерлер» бастамасы балалар үйлеріндегі 10 жастан асқан балалардың ерікті-тәлімгерлер институты арқылы әлеуметтенуіне жәрдемдесіп келеді.
«Тың тәжірибе – әрдайым ашық әрі айқын үдерістердің, адамдарға құрметпен қараудың және түсінікті, өлшенетін нәтижелердің үйлесімі. Егер жоба нақты адамдардың өмірін өзгертпесе, оны шын мәнінде әлеуметтік жоба деп атауға болмайды», – дейді Dos Community жеке қорының директоры, әлеуметтік тәлімгерлік саласының сарапшысы Айнұр Аймұрзина.
Зерттеуге сегіз маман қатысты: социология, білім беру, орнықты даму, ESG, волонтерлік және ҮЕҰ-ны сүйемелдеу салаларында жұмыс істейтін бес зерттеуші мен үш тәуелсіз сарапшы.
«Бұл - эмоция үшін жиналған шабыттандыратын оқиғалар топтамасы емес. Бұл – тәжірибені жүйелеу және қандай әлеуметтік шешімдердің шынымен тиімді екенін көрсетуге арналған талпыныс», — деп атап өтті жоба сарапшысы Дмитрий Пак.
Авторлар басылымның әмбебап шешімдер ұсынбайтынын, алайда әлеуметтік күн тәртібімен жұмыс істейтін бизнес, қорлар, білім беру ұйымдары мен азаматтық сектор өкілдері үшін ортақ бағдарлар мен бірыңғай тіл қалыптастыратынын атап өтеді.
«Табысты әлеуметтік жоба – нәтижесі дәлелденген әрі айқын әлеуметтік әсері бар бастама. Оның басты мақсаты – нақты нысаналы топтың өмір сүру сапасын жақсарту», – дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанова.
Жоба тек баспа нұсқасымен шектелмейді. Кітаптың жарыққа шығуымен қатар goodpractices.kz онлайн-платформасы іске қосылды. Ол әлеуметтік бастамалар сипаттамаларының ашық базасына айналып, тиімді тәжірибелерді жинақтау, талқылау және таратуға арналған құрал болмақ.