Қазақстандық байланыс операторлары бүкіл ел бойынша 3G желісін өшіруде. Бұл не үшін қажет және қарапайым пайдаланушыларға қалай әсер етеді – осы материалда талдаймыз.
Мобильді байланыс радиожиіліктер арқылы жұмыс істейді. Бұл – шектеулі ресурс: бір жиілік ауқымын байланыстың барлық буындары үшін бір уақытта шексіз кеңейту мүмкін емес. 2G, 3G немесе LTE болсын, әрбір буын спектрдің белгілі бір бөлігін иеленіп, оны әртүрлі тиімділікпен пайдаланады. Технология неғұрлым заманауи болса, дәл сондай жиілік ауқымында соғұрлым көп деректерді жеткізе алады. Телеком саласында бұл желі сыйымдылығы деп аталады. Сондықтан оператор ескі байланысты өшіріп, оның жиіліктерін пайдасы көбірек жаңа желіге береді. Босаған жиіліктерді LTE желісіне беруге болады, осылайша сол бір локацияда желі сенімдірек сигнал арқылы көбірек адам мен құрылғыға қызмет көрсете алады. Мысалы, Beeline компаниясы 3G sunset жобасын 2025 жылы-ақ бастап кетті. Қазірдің өзінде республикалық маңызы бар барлық қалалар мен 12 облыс орталығында LTE желісінің сыйымдылығы 10-15%-ға артты.
Бұл әлемдік сала үшін қалыпты тәжірибе. GSMA болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай әлемде 131 ескірген желіні жабу жоспарланып отыр. Себебі қарапайым: жиі 2G және 3G желілері иеленіп отырған 900, 1800 және 2100 МГц диапазондарын байланыстың жаңа буындарына көшіру өте ыңғайлы. Австралиялық ACMA реттеушісі 3G желісінің жабылуын операторлардың LTE желілерінің жылдамдығы мен сенімділігін арттырып жатқандығымен тікелей түсіндірді. Еуропа мен Азия елдері де осындай кезеңнен өткен немесе қазір өтіп жатыр.
2026 жылы Beeline 3G желісін толық өшіруді жоспарлап отыр: көктемде бұл процесс Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында аяқталды, ал жазда Павлодар және Қызылорда облыстарында аяқталады. Бұны бір сәтте тез арада істей салу мүмкін емес. Өйткені желіде әлі де 3G-мен жұмыс істейтін құрылғылар қалып қоюы мүмкін. Сондықтан оператор кезең-кезеңімен жұмыс істейді: алдымен трафикті LTE-ге көшіреді, құрылғылардың сәйкестігін тексереді, базалық станциялардағы жүктемені бақылайды, содан кейін ғана жиіліктерді босатады. Мұндай тәсіл пайдаланушылар үшін бұл ауысудың байқалмай өтуін және деректердің тұрақты берілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ адам көп жиналатын жерлерде интернеттің нашарлап қалу жағдайларын азайтады.
Тағы бір маңызды жайт: 3G желісін өшіру өздігінен барлық желілік мәселелерді шешіп бермейді. Байланыс сапасы тек бір ғана шараның арқасында емес, тұрақты атқарылатын іс-әрекеттер жиынтығынан жақсарады. Мысалы, Beeline өткен жылы 500-ден астам жаңа базалық станция орнатты, жұмыс істеп тұрған мыңдаған желілік жабдықтарды үнемі жаңартып отырады, жаңа жиілік қабаттарын қосады және тығыз салынған қалалық жерлерде үлкен жүктемені көтеруге көмектесетін Massive MIMO сияқты технологияларды енгізеді. Өткен жылы компанияның күрделі шығындары 104 миллиард теңгеден асты.
Қарапайым абонент үшін бұл оқиғаның мәні өте қарапайым: әлеуметтік желілердің тұрақты жұмыс істеуі мен кеңседен тыс жерде жұмыс істей алу мүмкіндігінің артында жүздеген миллиард теңге мен жүздеген инженерлердің еңбегі тұр. Олар жылына 365 күн бойы жүздеген мың элементтен тұратын алып технологиялық инфрақұрылымды дамытып, жаңартып және оған қызмет көрсетіп келеді.