Үй тапсырмасы, бақылау және қорытынды жұмыстар артта қалды, өйткені мектеп оқушылары үшін көптен күткен уақыт басталды. Алда – демалыс, жаңа әсер алып, жаңалық ашу мен даму үшін мүмкіндіктер. Демалыс пен оқу арасында теңгерімді қалай табуға болады, жазда баланың көңілін немен аулауға болады және ата-аналардың бұл процеске балалармен бірге қатысуы неліктен маңызды? PRO.NRG FEST ғылыми-отбасылық фестивалінің спикерлері мен ұйымдастырушылары өз ұсынымдарымен бөлісті.
Жаз – демалыс уақыты, бірақ дамусыз емес
Оқу жылы ішінде Қазақстанда «Шеврон» компаниясымен серіктестікте Caravan of Knowledge корпоративтік қоры өткізетін мектеп оқушылары үшін бірқатар ғылыми-танымдық бастамалар іске асырылады. Олардың арасында – STEAM Tulpar инновациялық мобильді зертханасы, TURAQTY JOL жастар жобасы және PRO.NRG FEST ғылыми-отбасылық фестивалі бар.
Мәселен, STEAM Tulpar мобильді зертханасы жаратылыстану ғылымдары пайдалы ғана емес, сонымен қатар, шынымен де қызықты бола алатынын дәлелдеп, өткен жылдан бері бүкіл ел бойынша ондаған ауылдық мектепке барды.
TURAQTY JOL жобасы Қазақстан жастарына арналған алаңға айналды, онда қатысушылар өз идеяларын ұсынып, ғылым және экология саласындағы инновациялық шешімдерін көрсете алады, сондай-ақ өз жобаларын дамытуға қаржыландыруды ала алады.

Осы бағыттағы ең ірі іс-шаралардың бірі бесінші PRO.NRG FEST ғылыми-отбасылық фестивалі болды, ол биыл елордада ойдағыдай өтіп, балалардың, ата-аналар мен педагогтердің рекордтық санын жинады.

Барлық осы бастамалардың жетекшілері мен кураторлары жаз айлары шамадан тыс күш жұмсамай, мектеп оқушылары үшін жұмсақ әрі табиғи даму уақыты болуы мүмкін екеніне келіседі.
ЮНЕСКО Қазақстан ұлттық клубтар федерациясының коммуникациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Сабина Ақжарова қазіргі мектеп оқушылары жыл бойы елеулі жүктемені бастан кешіп жатқанын, сондықтан жазда баланың эмоционалдық әрі физикалық тұрғыдан қалпына келуіне мүмкіндік беру ерекше маңызды екенін атап өтеді.

«Жазғы демалыс – ең алдымен, демалудың, бірақ, сонымен бірге, қосымша дағдыларды дамытудың бірегей мүмкіндігі, өйткені балаларда мектептен тыс қызмет үшін уақыт пайда болады», – дейді ол.
Сабина Ақжарованың айтуынша, жаз – қазірдің өзінде бар қызығушылықтарды тереңдету: тілдерді үйрену, спортпен шұғылдану, шығармашылық немесе ғылыми жобаларға қатысу үшін жақсы кезең. Бұл ретте ол әр нәрседе теңгерім қажет екенін ерекше атап өтеді:
«Егер бала компьютерлік немесе мобильді ойындарды жақсы көрсе, бұл ата-ананың бақылауында болуға және қол жеткізу уақыты шектелуге тиіс».
Осыған ұқсас көзқарасты Caravan of Knowledge қорының басшысы, педагогика ғылымдарының магистрі әрі физика және математика мұғалімі Дарын Сайынов та ұстанады. Ол балалардың шамадан тыс жүктелгені оқу жылының соңына қарай айқын байқала бастайтынын атап өтеді.

«Өзім сабақ берген көптеген жылдар ішінде балалар тым шаршаған көптеген жағдайларды көрдім. Сөзбе-сөз айтқанда, олар ұйықтайтын мүмкіндік іздейді, зейінін жоғалтып, сабақта ұйықтап қалады», – дейді педагог.
Оның айтуынша, жаз бітпейтін оқуға да, толығымен қолы бос болатын кезеңге де айналмауға тиіс.
«Жаз теңдестірілген болуға тиіс: бір жағынан – демалыс, екінші жағынан – мақсатсыз уақыт өткізу, әлеуметтік желілерді үнемі шарлау және іссіз жүру болмауға тиіс».
Баланы шынымен не қызықтыратынын қалай түсінуге болады
Жазғы демалысты жоспарлау кезіндегі басты бағдар – баланың өзінің қызығушылығы деп есептейді спикерлер. Дәл сондықтан оқу жылы ішінде балаларды бақылап отыру және педагогтермен байланыста болу маңызды.
Дарын Сайынов ата-аналарға мұғалімдердің пікіріне жиірек құлақ асуды ұсынады.
«25 мамырдан кейін де мектепке барып, мұғалімдерді оқу жылының аяқталуымен құттықтауға және баланың үлгерімі, мінез-құлқы мен қызығушылықтары жөнінде кеңес алуға болады. Дәл сол мектепте бала барынша жарқын түрде ашылады», – деп атап өтеді ол.
Сарапшының пікірінше, әсіресе, бірден бірнеше педагогтің – әрі нақты ғылымдар, әрі гуманитарлық пәндер оқытушыларының пікірін білу пайдалы. Бұл мектеп оқушысының бейімділігін жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Кіші және орта жастағы балалар үшін жаз әртүрлі бағытта өзін сынап көруге мүмкіндік береді. Ал жоғары сынып оқушылары бұл кезеңді анағұрлым саналы түрде пайдаланған жөн. Ол кәсіптік бағдар алу мен болашақ мансапқа дайындалу үшін жарамды.
«Шамамен 9-сыныптан бастап қызығушылықтар аясын біртіндеп тарылтып, кәсіби таңдауға анағұрлым мақсатты түрде дайындалу маңызды», – дейді Дарын Сайынов.
Пайдалы жаз – бұл міндетті түрде қымбат бола бермейді
STEAM Tulpar инновациялық мобильді зертханасының жоба жетекшісі және биолог, PhD Марғұлан Ықыласов бала үшін ең құнды нәрсе – ата-анасымен бірге уақыт өткізу және қоршаған әлемді зерттеу мүмкіндігі екеніне сенімді.

«Демалыс пен дамуды бөлмей, қатар алып жүрген абзал. Бүкіл отбасыңызбен табиғат аясына баруға, үлкейткіш әйнекті өзімен бірге ала барып, жәндіктерді зерделеуге болады – міне, биология. Бірлесіп тамақ дайындау – бұл да өз алдына химия», – дейді ол.
Марғұлан Ықыласовтың айтуынша, тіпті қарапайым сабақтар да бала үшін нағыз зерттеуге айналуы мүмкін: құмырсқаларды байқау, ойыншықтарды жөндеу, микрошөптерді өсіру немесе жұлдыздарды байқау.
«Қызықты әрі дамытатын жаз – бұл ақшадан гөрі, көзқарас жайында», – деп ерекше атап өтеді сарапшы.
Ол да балаларды практикалық жобаларға тартуға кеңес береді. Мысалы, шағын фильмдерді түсіру, қарапайым инженерлік конструкцияларды қолдан жасау, құс үйшіктерін немесе машиналар мен ұшақтардың модельдерін құрастыру.
«Бүгінде әрбір дерлік баланың смартфоны бар, демек, мұндай жобалар әбден қолжетімді», – деп атап өтеді Марғұлан Ықыласов.
Ғылым мен эксперименттер жазғы демалыстың бір бөлігі ретінде
Сарапшылар ғылыми және зерттеу белсенділіктеріне ерекше назар аударуға кеңес береді. Мысалы, STEAM Tulpar жобасында балаларға қол асты материалдардан эксперименттер жүргізу ұсынылады. Ең танымалдарының қатарында – қағаз зымыран, микрошөптерді өсіру және банкада тұйық экожүйені жасау.
«Қағаз зымыран үшін А4 форматындағы қағаз парағы, скотч, шланг, ПВХ түтігі және пластик бөтелке қажет. Конструкция айтарлықтай қарапайым, бірақ балалардың үлкен қызығушылығын туғызады», – дейді Марғұлан Ықыласов.
Сарапшы мұндай іс-әрекеттер ойын мен практика арқылы баланың білімге деген құштарлығын, инженерлік ойлауы мен ғылымға деген қызығушылығын дамытуға көмектеседі деп есептейді.
Волонтерлік, экология және халықаралық бастамалар
Жазда әлеуметтік, экологиялық және волонтерлік жобаларға көп көңіл бөлінеді. Сабина Ақжарова мұндай бастамаларға қатысу балаларға сенімдірек әрі белсендірек болуға көмектесетінін атап өтеді.
Оның айтуынша, ЮНЕСКО клубтар федерациясы дәстүрлі түрде жазда экологиялық білім беру мен орнықты даму саласындағы бағдарламаларды іске асырады. TURAQTY JOL 7.0 бағдарламасы аясындағы Youth Eco-Camp осындай жобалардың бірі болып табылады, оның финалы Алматыда 26 шілде – 1 тамыз аралығында өтеді.

«Бүкіл еліміздегі мектеп оқушыларына өтінімдер ағымдағы жылдың 28 мамырына дейін қабылданатынын еске салғымыз келеді. Егер балалардың идеясы немесе экологиялық жобасы болса әрі олар құрамына медиа- және арт-саланың өкілдері кіретін армандаған командасын жинаса, олардың өтінімдерін қуана-қуана қабылдаймыз. Бәлкім, дәл солар іріктеуден өтіп, осы жазда Алматыға фестивальдің финалына келетін 15 – 20 команданың қатарына кіретін шығар», – деп ақпарат берді Сабина Ақжарова.
Бұдан басқа, балалар мен жасөспірімдерге ЮНЕСКО-ның халықаралық онлайн-бағдарламалары, тренингтері мен білім беру бастамалары қолжетімді. Осындай іс-шараларға қатыса отырып, балалар үздік халықаралық практикаларға қол жеткізіп, әртүрлі елдерден келген құрдастарымен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
«Федерацияның жазғы бастамалары мен жобаларына қатысу арқасында балалар өз өмірін өзгерткен көптеген мысалдарымыз бар. Бірінші кезекте, әңгіме көптеген жылдар бойы «Шеврон» компаниясы мен ЦентрКредит Банкінің қолдауымен іске асырылып келе жатқан TURAQTY JOL жобасы жайлы болып отыр. Бұл еліміздің жастары үшін бірегей алаң, ол жерде өзін таныстырып, ғылым мен экология саласындағы инновациялық шешімдерін көрсетуге болады, сондай-ақ өз жобасын дамытуға қаржыландыруды алуға болады», – деп атап өтті ЮНЕСКО Қазақстан ұлттық клубтар федерациясының коммуникациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті.
Қазір Федерацияда UNESCO Club Success Stories медиа науқаны өтіп жатыр, оның аясында әлеуметтік желілерде TURAQTY JOL жобасына қатысу арқасында өмірі өзгерген балалардың хикаялары баяндалады.
«Баршаңызды UNESCO Club парақшаларына жазылып, әртүрлі бастамаларға қатысу балаларға өз өмірін жақсы жаққа қарай өзгертуге қалайша көмектесетіні жайлы жаңалықтарды қадағалап отыруға шақырамын», – деп түсініктеме берді Сабина Ақжарова.
Бастысы – бірлескен әсерлер мен жанды қарым-қатынас
Дарын Сайынов жанды қарым-қатынас пен әлеуметтенудің маңыздылығына назар аударды. Ол балаларға сөйлесу клубтары мен қызығушылық бойынша әртүрлі қоғамдастықтарға барып тұруды ұсынады.
«Жақсы сөйлесу клубтарына жасы мен кәсібі әртүрлі адамдар келеді әрі бұл қарым-қатынас жасау аясын кеңейту мүмкіндігі. Әдетте, әркім өзінің өмірлік тәжірибесінің бір бөлігімен бөліседі әрі бұл әрқашан өте қызықты», – дейді ол.
Сонымен қатар, Марғұлан Ықыласов бала үшін бірлескен жаңалықтар мен әсерлер кез келген «сәнді» лагерьден құндырақ екеніне сенімді.
«Егер ол қызығушылыққа, қарым-қатынас пен бірлескен жаңалықтарға толы болса, ата-анасымен өткізген уақыты бала үшін әлдеқайда маңызды», – деп ерекше атап өтеді сарапшы.
Бірақ тіпті ата-аналардың ең саналы көзқарасы кезінде де балалардың жазда смартфондардан, YouTube пен әлеуметтік желілерден толығымен бас тартуы екіталай. Бірақ Марғұлан Ықыласов бұл жерде де қысқа ойын-сауық бейнелерді шексіз қараудың пайдалы баламасын табуға болады деп есептейді:
«YouTube арналарынан Nat Geo Wild, National Geographic фильмдерін, сондай-ақ Mark Rober арнасын ұсынар едім – оның инженерлік эксперименттері балаларды өз зерттеулері мен жаңалықтарына шабыттандыра алатындай өте қызықты әрі әсерлі».
Осылайша, сарапшыларымыздың пікірінше, жаз – бұл демалу уақыты ғана емес, сонымен қатар, бала дербестікті үйрене алатын, өз қызығушылықтарын жақсырақ түсініп, болашақ мамандыққа қарай алғашқы қадамдар жасай алатын кезең.