Алматы, 2026 жылғы 18 маусым. Қазақстандағы премиум автокөлік сегменті 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 38%-ға қысқарғанына қарамастан, INFINITI бренді өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатылым көлемін 24%-ға арттырды. Өсімнің негізгі қозғаушы күші жаңа INFINITI QX80 моделі болды. Сонымен қатар, жаңа буындағы QX80 және Nissan Patrol модельдеріне деген жоғары қызығушылық Қазақстан нарығында толық өлшемді жол талғамайтын көліктерге сұраныстың тұрақты екенін көрсетті.
2026 жылдың ақпан айында сатылым басталғаннан бері Қазақстанда 18 Nissan Patrol және 70 INFINITI QX80 көлігі сатылған. Бұдан бөлек, тағы 45 автокөлікке тапсырыс берілген.
Екі модель үшін де жаңа буынға көшу соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңарту болды. Жаңа Nissan Patrol мен INFINITI QX80 модельдерінің таныстырылуы 2026 жылғы толық өлшемді жол талғамайтын көліктер сегментіндегі ең маңызды оқиғалардың біріне айналды. Әсіресе жаңа буындағы INFINITI QX80 моделінің нарыққа шығуы сәтті болды. Сатылым басталған алғашқы айдың өзінде бұл модель өз сегментінде көшбасшы орындардың бірін иеленді. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша INFINITI брендінің премиум сегменттегі үлесі 5%-дан 10%-ға дейін өсті.
Қазақстандағы жаңа модельдерге деген жоғары қызығушылық әлемдік үрдістермен де үндесіп отыр. 2025 жылы Nissan Patrol Парсы шығанағы елдері нарығында өз сегментіндегі ең көп сатылған автокөлік атанса, жаңа буындағы INFINITI QX80 АҚШ нарығында модель тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде аталған модельдің сатылымы 31,4%-ға артқан.
Жаңа Nissan Patrol мен INFINITI QX80 өз брендтерінің флагмандық модельдері саналады. Олар заманауи технологияларды, жоғары деңгейдегі жайлылықты және толық өлшемді жол талғамайтын көліктерге тән кең мүмкіндіктерді біріктіреді.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстандағы Nissan және INFINITI брендтерінің ресми дистрибьюторы модельдік қатарды кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта жаңа INFINITI QX60 мен QX65, сондай-ақ Nissan X-Trail және жаңартылған Nissan Qashqai модельдері ұсынылмақ.
Қазіргі уақытта Nissan және INFINITI дилерлік орталықтары Алматы мен Астанада жұмыс істейді. Компания Қазақстан нарығында брендтерді дамыту және сервистік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстарын жалғастырып келеді.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Orbis Auto компаниясы Қазақстандағы Nissan және INFINITI брендтерінің дистрибьюторлық құқығына ие болған еді. Ал 2026 жылдың басында Orbis Auto автомобиль тобының құрамына кіретін осы брендтердің ресми дистрибьюторы еліміздің нарығында маркаларды қайта іске қосатынын мәлімдеді.