Бүгін Visa жасанды интеллект, стейблкоиндер және токенизация саласындағы бірқатар шешімдерін таныстырды. Бұл шешімдер Қазақстанды қамтитын Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (CEMEA) өңіріндегі клиенттерге коммерцияның жаңа буыны ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалануға көмектеседі. 1 шілдеде Парижде өтетін Visa Payments Forum қарсаңында компания жасанды интеллект пен стейблкоиндердің клиенттік тәжірибені де, коммерция мен ақша аударымдарының технологиялық инфрақұрылымын да қалай өзгертетінін, сондай-ақ осы өзгерістерге бейімделуге, бизнесті кеңейтуге және тұтынушылардың сенімін сақтай отырып жаңа шешімдерді іске қосуға қалай қолдау көрсететінін баяндады.
«Коммерция дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ол барған сайын интеллектуалды, бағдарламаланатын әрі күнделікті өмірмен тығыз ықпалдасқан жүйеге айналып келеді, – деді Visa компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңірі бойынша президенті Тарек Махмуд (Tareq Muhmood). – Цифрлық экономикада жұмыс істейтін компаниялар үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Сонымен қатар сенім мен шешімдердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етудің маңызы арта түсуде. Visa клиенттерімізге пайдаланушы интерфейсі деңгейінде де, технологиялық инфрақұрылым деңгейінде де инновацияларды сенімді түрде енгізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым мен интеллектуалды технологияларды дамытып келеді. Бұл тұтынушылар мен бизнес үшін төлем жасау тәжірибесін жақсартуға ықпал етеді».
Жасанды интеллект арқылы коммерциядағы клиенттік тәжірибені трансформациялау
Visa жасанды интеллекттің транзакцияларды бастау, авторизациялау және растау үдерістерін қалай өзгертетінін, сондай-ақ коммерцияның жаңа сценарийлерін әзірлеу мен іске қосуды қалай жеделдететінін таныстырды. Агенттік коммерцияның қарқынды дамуына байланысты Visa Intelligent Commerce платформасы жасанды интеллект агенттеріне тұтынушылар мен компаниялардың атынан тауарларды қауіпсіз іздеуге, сондай-ақ транзакцияларды бастауға және аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті сенім мен бақылау деңгейін қамтамасыз етеді.
Коммерцияның жаңа моделіне көшуді қолдай отырып, Visa нарық қатысушыларымен бірлесіп агенттер бастамашылық ететін транзакциялардың сенімді әрі ашық болуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Осы мақсатта New Generation компаниясымен бірлесіп әзірленген Agent Score құралы ұсынылды. Ол сатушыларға өз веб-сайттарының агенттік коммерцияға қаншалықты дайын екенін бағалауға, атап айтқанда, жасанды интеллект агенттерінің сайтта дұрыс бағдарланып, оның мазмұнын түсініп және қажетті әрекеттерді орындай алатынын анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сатушылар өз платформаларында операцияларды жүзеге асыратын агенттердің сенімді екеніне көз жеткізуі, ал агенттер өз кезегінде заңды сатушылармен өзара әрекеттесетініне сенімді болуы қажет. Осы мақсатта Visa тексеруден өткен және агенттік коммерцияның заңды қатысушысы екенін растаған агенттер мен сатушыларды біріктіретін Agentic Directory каталогын іске қосады.
Жасанды интеллектке негізделген коммерциядағы токенизацияның дамуы
CEMEA өңірінде электрондық коммерцияның дамуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – токенизация технологиясының кеңінен енгізілуі. Соның арқасында электрондық коммерция мен мобильді арналар арқылы жасалатын төлемдер бұрынғыдан да қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түсті. CEMEA өңірінде Visa желісі арқылы өңделген токенизацияланған транзакциялардың үлесі 2023 жылғы 26%-дан 2026 жылы 70%-ға дейін өсті.
Бүгінде токендер цифрлық төлемдерге арналған, жоғары деңгейде қорғалған деректер жиынтығын қамтиды. Коммерцияның жаңа арналары мен агенттік қызмет көрсету сценарийлерінің пайда болуына байланысты Visaтокендер арқылы берілетін ақпарат көлемін кеңейтуде. Енді оған транзакция түрі, токеннің қолданылу мәнмәтіні және төлем жасаушы туралы деректер де енгізіледі. Сонымен қатар компания токеннің сенімділік көрсеткіші (Token Trust Signal) атты жаңа мүмкіндікті ұсынды. Токеннің шығарылған сәтінен бастап бүкіл өмірлік циклі мен пайдалану тарихы негізінде оның сенімділігі бағаланып, әрбір транзакция үшін арнайы сенімділік көрсеткіші қалыптастырылады.
Бұл шешімдер жиынтығы токендердің қауіпсіз цифрлық және агенттік коммерцияның негізі ретіндегі рөлін күшейтіп, клиенттерге транзакциялар туралы кеңірек ақпарат беруге және автоматтандырылған, кіріктірілген әрі интеллектуалды төлемдер экожүйесінде олардың заңдылығына деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Стейблкоиндер арқылы ақша аударымдары инфрақұрылымын жаңғырту
Visa сондай-ақ стейблкоиндер мен блокчейн инфрақұрылымы негізіндегі есеп айырысу және ақша аудару жүйелерін жаңғырту бағытындағы жетістіктерін таныстырды. Tokenized Deposits шешімі арқылы компания дәстүрлі банктік депозиттерді тәулік бойы (24/7) қолжетімді бағдарламаланатын цифрлық ақшаға айналдыруға мүмкіндік беретін технологиялық қабатты қалыптастыруда. Бұл банктерге қаражатты өз балансында сақтай отырып, стейблкоиндерге тән жылдамдық пен икемділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Visa әртүрлі өңірлерде, блокчейн желілерінде және валюталарда стейблкоиндер арқылы есеп айырысуға арналған пилоттық жобаларды кеңейтуде. 2025 жылдың басында басталған алғашқы пилоттық жобалардың жалғасы ретінде компания VisaNet желісі арқылы миллиардтаған АҚШ долларына тең стейблкоин операцияларын өңдеді. 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша мұндай операциялардың жылдық көлемі шамамен 7 млрд АҚШ долларына жетті. Банк-эмитенттер бүгінде Visa-мен блокчейн арқылы аптасына жеті күн есеп айырыса алады. Енді компания күнделікті есеп айырысу мүмкіндігін эквайер банктерге де енгізіп, бүкіл төлем экожүйесінде есеп айырысуды икемдірек әрі жиірек жүргізуді көздейді. CEMEA өңірінде стейблкоиндер арқылы есеп айырысу іске қосылғаннан бергі бір жыл ішінде мұндай операциялардың көлемі шамамен 60 есеге артты.
Тұтынушылар мен бизнеске стейблкоиндегі қаражатты Visa карталары қабылданатын кез келген сауда нүктесінде пайдалануға мүмкіндік беру мақсатында компания стейблкоиндерге байланыстырылған карталарды шығару бағдарламаларын кеңейтуді жалғастыруда. Қазіргі таңда әлем бойынша осындай 160-тан астам бағдарлама іске асырылуда немесе әзірлену үстінде және алдағы уақытта олардың саны арта түседі деп күтілуде.
Жасанды интеллекттің көмегімен деректерді интеллектуалды шешімдерге айналдыру
Тұтынушылардың үнемі артып келе жатқан талаптарына жауап беру үшін Visa заманауи төлем инфрақұрылымын төлем үдерісінің барлық кезеңінде тиімді шешім қабылдауға көмектесетін деректерге негізделген құралдармен ұштастырады.
Компания Visa Trip Intelligence атты жасанды интеллектке негізделген туристік аналитика қызметін таныстырды. Бұл шешім банктерге клиенттердің қажеттіліктерін транзакция жасалғанға дейін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бүгіннен бастап CEMEA өңірінде қолжетімді болған сервис VisaNet аналитикалық мүмкіндіктерін үшінші тарап дереккөздерінің мәліметтерімен біріктіріп, клиенттің алдағы сапарға қатысты ниетін анықтауға, жеке саяхат бағытын қалыптастыруға және клиентпен өзара әрекеттесу бойынша дайын ұсыныстар ұсынуға көмектеседі.
Нәтижесінде банктер клиенттерге сапар алдында дер кезінде қолдау көрсетіп, төлем жасау кезінде туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алып, олардың қажеттіліктеріне сәйкес туристік артықшылықтарды, сервистер мен бонустарды ұсына алады.