Қазақстанда жастар арасында созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алуға және салауатты әдеттерді қалыптастыруға бағытталған Young Health Programme (YHP) жаһандық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама AstraZeneca компаниясы және «JustSupport» жеке қорымен бірлестікте жүргізіледі.
Жоба М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жүзеге асырылады. Бағдарламаның ресми ашылу рәсімі бүгін Петропавл қаласында Ұлыбритания мен Швеция елшілерінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, AstraZeneca компаниясы, «Just Support» жеке қоры және университет өкілдерінің қатысуымен өтті.
Бір жыл бойы университет студенттері жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі және онкологиялық аурулардың, қант диабетінің, сондай-ақ басқа да жұқпалы емес аурулардың алдын алуға арналған білім беру іс-шаралары мен бастамаларға қатысады.
Бағдарлама аясында темекі мен алкоголь тұтыну, дене белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау және ауаның ластануы сияқты негізгі қауіп факторларына ерекше назар аударылады. Қатысушылар өз денсаулығына қатысты саналы шешімдер қабылдауға және құрдастары мен өз ортасында алдын алу мәдениетін таратуға көмектесетін білім мен практикалық дағдыларды меңгереді.
«Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева: «Психологиялық денсаулық пен әл-ауқат мәселелерімен айналысатын «Just Support» қоры үшін жастармен жұмыс әрдайым басым бағыттардың бірі болды. Біз үшін денсаулық туралы жай ғана айту емес, жастарға күнделікті шешімдер мен әдеттердің бүгінгі және болашақтағы өмір сапасына қалай әсер ететінін түсінуге көмектесу маңызды. Біз AstraZeneca компаниясының халықаралық бастамасы — Young HealthProgramme бағдарламасына қосылғанымызға қуаныштымыз. Бағдарламаның жаһандық тәжірибені қазақстандық жастардың қажеттіліктері мен біздің білім беру ортамыздың ерекшеліктерін ескерумен ұштастыруы айрықша құнды».
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исакаев:
«Young Health Programme бағдарламасының Қазақстандағы алғашқы іске қосылу алаңы дәл біздің университет болғаны біз үшін маңызды. Университет — тек білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар жастардың өз денсаулығына деген көзқарасы қалыптасатын орта. AstraZeneca және “JustSupport” қорымен серіктестік студенттерге созылмалы аурулардың алдын алу жөнінде практикалық білім беріп, олардың салауатты өмір салты мәдениетін таратушы болуына көмектесу үшін халықаралық тәжірибе мен университет мүмкіндіктерін біріктіреді. Бұл жұмыс ұзақ мерзімді болып, өңірдің студенттік қауымдастығында одан әрі дамиды деп сенеміз. Серіктестерімізге сенім білдіргені үшін алғыс айтамыз».
AstraZeneca компаниясының Қазақстандағы бас директоры Елена Трогова:
«Young Health Programme бағдарламасының Қазақстанда алғаш рет іске қосылуы — денсаулық сақтау саласындағы орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді жұмысымызды ілгерілетудегі маңызды қадам. Жастардың біліміне, дағдыларына және бастамаларына инвестиция сала отырып, біз олардың жас кезінен өз денсаулығына саналы түрде қарауына, жұқпалы емес аурулардың даму қаупін төмендетуіне және өз қауымдастықтарында оң өзгерістердің бастаушысы болуына көмектесуді көздейміз. «Just Support» қорымен серіктестік бағдарламаның халықаралық тәжірибесін Қазақстан жастарының қажеттіліктерін түсінумен ұштастырып, жастармен профилактикалық жұмыстың орнықты негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді».
Бағдарламаның Қазақстанда іске қосылуы «Young Health Programme» бағдарламасының жаһандық дамуының бір бөлігі болып табылады. 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында «AstraZeneca» компаниясы 2010 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде YHP-ге салынған жалпы инвестиция көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асатынын хабарлады. Бұл қаражат AstraZeneca-ның 60-тан астам елде денсаулық сақтау саласындағы теңдікті нығайту жөніндегі жаһандық міндеттемелерін жүзеге асыруға бағытталған.
Бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде 60-тан астам елде 23 миллион жас адамды қамтыды. YHP аясында 1 миллионнан астам қатысушы білім алды, ал жас белсенділер 29 заң мен мемлекеттік саясат шарасының әзірленуі мен қабылдануына үлес қосты.
Жұқпалы емес аурулар әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып қала береді. Мұндай аурулардың дамуына байланысты көптеген қауіп факторлары жасөспірімдік және жас шақта қалыптасады, бұл ерте алдын алуды қоғамдық денсаулық сақтаудың басты бағыттарының біріне айналдырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, ересектер арасындағы мерзімінен бұрын болатын өлім жағдайларының 70%-ы жасөспірімдік кезеңде қалыптасқан мінез-құлық ерекшеліктерімен байланысты. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай жұқпалы емес аурулар жыл сайынғы өлім-жітімнің 86%-ына себеп болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы деңгейден 90%-ға жоғары¹.