Өңірлердегі шағын бизнестің дамуы тауарлар мен қызметтерге деген сұранысқа ғана емес, кәсіпкерлердің компанияны тиімді басқару, клиенттер тарту және одан әрі өсу мүмкіндіктерін табу қабілетіне де байланысты. Қазақстанда Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен «Шелл Қазақстан» компаниясы бірлесіп жүзеге асыратын Shell LiveWIRE кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы осы бағытқа басымдық береді.
Орал қаласындағы екі кәсіпорынның, Bilim ortalygy білім беру орталығы мен Wowland интерактивті балалар саябағының тәжірибесі жаңа білім мен сарапшылық қолдаудың кәсіпкерлерге бизнес-процестерді жетілдіруге, жұмыс тиімділігін арттыруға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қалай көмектесетінін көрсетеді.
Shell LiveWIRE бағдарламасы Қазақстанда 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама кәсіпкерлікті дамытуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және өңірлік экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Кәсіпкерлер оқыту бағдарламаларына, акселерацияға, сарапшылық қолдауға және компаниялардың дамудың жаңа кезеңіне өтуіне көмектесетін консультациялық жобаларға арналған гранттарға қол жеткізе алады.
«Бизнес енді дамып келе жатқан кезде кәсіпкер әдетте көптеген міндетті қатар атқарады. Алайда компания өскен сайын оның тұрақтылығын қамтамасыз ету және бизнесті одан әрі кеңейтуге дайын болу мәселелері алдыңғы орынға шығады. Біз нақты бизнес-міндеттерді шешуге қажетті практикалық құралдар мен сарапшылық білім ұсына отырып, компанияларға өз әлеуетін іске асыруға және ұзақ мерзімді дамуына негіз қалауға көмектесеміз. Бағдарламаға қатысушы компаниялардың жетістіктері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы кәсіпкерлік экожүйесін нығайтуға үлес қосуы біз үшін маңызды», – дейді ЕҚДБ-ның Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының жетекшісі Әзім Ғайбулин.
Bilim ortalygy: білім беру орталығының өсуіне жол ашқан жаңа мүмкіндіктер
Өз бизнесін дамыту үшін Айша Жаумбаева Shell LiveWIRE бағдарламасының әйел кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған Women Entrepreneurship Booster бағытына қатысты. Бағдарлама аясында көрсетілген қолдаудың арқасында кәсіпкер қаржылық моделін қайта қарап, бизнестің өсу мүмкіндіктерін айқындап, екі филиалының жұмыс тиімділігін арттырды. Атап айтқанда, ұстаздардың еңбекақы төлеу жүйесі, маркетинг пен клиенттер тарту тәсілдері, сондай-ақ команда мүшелері арасындағы міндеттерді бөлу тәртібі қайта қаралды.
Нәтиже қазірдің өзінде байқалады: бағдарламаға қатысқан екі ай ішінде орталықтың пайдасы 17%-ға өсіп, клиенттер базасы 34,2%-ға артты. Бағдарлама мамыр айында басталған кезде клиенттері жоқ болған екінші филиалдың ұзартылған күн топтарында қыркүйекке қарай 40 оқушы білім алатын болды. Қазір кәсіпкер үшінші филиал ашу және онлайн оқытуды іске қосу мүмкіндігін қарастырып отыр.
Bilim ortalygy орталығының дамуы жергілікті бизнесті нығайтып қана қоймай, Орал қаласындағы отбасылардың қосымша білім беру қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді әрі педагогтер мен басқа да мамандар үшін жұмыс орындарын ашады.
Wowland: жүйелі басқару ойын-сауық саласын дамытуға мүмкіндік береді
Wowland интерактивті саябағы Орал қаласында 2025 жылғы қыркүйекте ашылды. Осында балалардың туған күндері, мектеп бітіру кештері мен ертеңгіліктер ұйымдастырылады, сондай-ақ еркін ойын аймақтарына келу және фильм көру мүмкіндігі ұсынылады. Командада 12 адам жұмыс істейді. Саябақ мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру мен интерактивті ойын-сауықты бір кеңістікте біріктіретін форматты дамытып келеді. Бұл ата-аналарға отбасылық іс-шараны дайындау кезінде бірнеше міндетті қатар шешуге көмектеседі.
Саябақтың негізін қалаушылар Қайрат пен Салтанат Юсуповтар Shell LiveWIRE бағдарламасының жас кәсіпкерлерге арналған Youth Business Scale-Up акселерациялық жобасына қатысты. Бағдарлама аясында көрсетілген қолдау оларға бизнесті күнделікті қолмен басқарудан жүйелі басқару моделіне көшуге кірісуге көмектесті. Кәсіпкерлер қызметкерлердің жауапкершілік аймақтарын бөліп, тұрақты жоспарлау жиналыстарын өткізе бастады, тиімділік көрсеткіштерін енгізіп, клиенттермен жұмыс істеу тәртібін біріздендірді.
Маңызды нәтижелердің бірі - өтінімдерді уақытында өңдемеуден туындауы мүмкін шығындарды анықтау болды. Компанияның бағалауынша, мұндай шығындар айына 1,5 млн теңгеге дейін жетуі ықтимал еді. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер жасанды интеллект негізіндегі бот енгізуді таңдап, CRM жүйесіне көшуге кірісті.
Балалардың бос уақытын өткізудің жаңа форматтарын дамыта отырып, Wowland Орал қаласындағы отбасылар үшін ойын-сауық түрлерін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті қызмет көрсету нарығының дамуына ықпал етеді. Алдағы уақытта кәсіпкерлер бизнесті басқа қалада да дамыту мүмкіндігін қарастырып отыр.
«Біз кәсіпкерлікті дамыту адамдардың және олардың дағдыларының дамуынан басталады деп сенеміз. Shell LiveWIRE бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге білім мен бизнесті өсіруге қажетті практикалық құралдарды алуға көмектесеміз. Оралдағы оқиғалар жергілікті бизнестің табысы жаңа жұмыс орындары мен өңір отбасыларына арналған жаңа қызметтердің пайда болуын да білдіретінін көрсетеді», – дейді «Шелл Қазақстан» компаниясының қаржы және корпоративтік қатынастар жөніндегі басшысы Айгүл Барменқұлова.
Бұл екі кәсіпорынның тарихы кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға салынған инвестицияның нәтижесі компания шеңберінен әлдеқайда кең ауқымда көрініс табатынын көрсетеді. Shell LiveWIRE бағдарламасы арқылы ЕҚДБ мен «Шелл Қазақстан» бизнеске дамудың жаңа кезеңіне өтуге көмектесіп, Қазақстан өңірлерінде жеке сектордың нығаюына және тұрақты дамуына ықпал етеді.
Shell LiveWIRE бағдарламасы туралы
Shell LiveWIRE – әлемнің 14 елінде жүзеге асырылатын кәсіпкерлікті қолдаудың жаһандық бағдарламасы. Қазақстанда бағдарлама 2018 жылдан бері Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен «Шелл Қазақстан» компаниясының бірлесуімен іске асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ету, өңірлер экономикасын әртараптандыруды қолдау және жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына жәрдемдесу. Қазіргі уақытта бағдарлама Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлеріне бағытталған.