Alma-City » Қазақстандық балалардың қан тамырларының сирек патологиясын енді шетелде емес, өз елінде емдеуге болады

Қазақстандық балалардың қан тамырларының сирек патологиясын енді шетелде емес, өз елінде емдеуге болады

Қазақстандық балалардың қан тамырларының сирек патологиясын енді шетелде емес, өз елінде емдеуге болады

Алматыда Қазақстанда алғаш рет күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды бұрын тек шетелде ғана қолжетімді болған әдіспен емдеу басталды. Алғашқы сегіз пациентке ота жасалды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге дейін баланы қабылдай алады.


«Өмірге дем берейік» жобасы 2025–2026 жылдардағы Almaty Marathon қайырымдылық мақсаттарының біріне айналды. Жобаны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры жүзеге асырды.


Қазақстанда жыл сайын қан тамырларының мальформациясы – тамырлардың туа біткен даму ақауы бар 40-тан астам бала дүниеге келеді. Бұл ауру созылмалы ауырсыну мен қан кетуге әкеледі, ал ауыр жағдайларда қозғалысты шектейді. Күрделі түрлері бар балалар осы уақытқа дейін шетелде емделуге жіберіліп келді: 2021–2024 жылдары мемлекет бұған 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсағанымен, жыл сайын небәрі 10–20 пациент көмек ала алды. Енді отбасыларға шетелге барып, жақындарынан ұзақ уақытқа алыстаудың қажеті болмайды.


Жаңа әдіс – электропорациямен склеротерапия – дәрілік препаратты қысқа электр импульстарымен ұштастырады. Импульстар дәрінің зақымданған тіндерге енуіне көмектеседі. Соның арқасында препараттың дозасын азайтуға және баланың ағзасына түсетін салмақты төмендетуге болады.


Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы үшін Италияда шығарылған Cliniporator Vitae жүйесі сатып алынды. Төрт дәрігер қан тамырлары мальформациясы саласындағы Еуропаның жетекші мамандарының бірі, профессор Вальтер Вольгемуттан (Walter A. Wohlgemuth) оқудан өтті. Теориялық дайындық Германиядағы Галле университеттік клиникасында, ал практикалық дайындық профессордың Алматыда өткізген шеберлік сабағында өтті. Сол жерде алғашқы сегіз операция жасалды.


«Енді орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы дайындықтан өткендіктен, күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі барлық кезеңде өз күшімізбен сүйемелдей аламыз. Мұнда жыл сайын шамамен 80–100 процедура жүргізіледі, ал әр пациентке арналған емдеу курстарының саны жеке анықталады», – дейді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Кусаинов.


Келесі қадам – жаңа әдісті күнделікті медициналық тәжірибеге енгізу үшін клиникалық хаттама мен тарифтерді бекіту.


«Қан тамырлары мальформациясының ауқымды әрі күрделі түрлерінде дәстүрлі емдеу әдістері әрдайым тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Жаңа технологияның енгізілуінің арқасында балалар қажетті емді шетелге шықпай-ақ Қазақстанда ала алады. Бір орталықтың мүмкіндігі еліміздің барлық өңірінен келген пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жеткілікті», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Майра Бейсен.


«Өмірге дем берейік» жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгеге бағаланады. Бұл – мемлекет 2021–2024 жылдары балаларды шетелде емдеуге жұмсаған қаражаттан шамамен төрт есе аз.


«Біз балалардың отбасынан ажырамай-ақ, заманауи емді Қазақстанда алғанын қалаймыз. Сондықтан дәрігерлермен бірге жабдықты таңдап, мамандарды оқытуды ұйымдастырамыз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бағалауынша, жаңа жүйе кемінде 10–15 жыл қызмет етеді және алғашқы он жылда шамамен мың процедура жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – қайырымдылық жобамыздың басты нәтижесі. Almaty Marathon жарысына қатысатын әрбір жүгіруші осындай өзгерістерге өз үлесін қосады», – дейді «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.


«Өмірге дем берейік» – қорлардың балалар денсаулығын сақтау саласындағы төртінші бірлескен жобасы. 2024 жылдан бері мұндай жобаларға 248,3 млн теңге бағытталды. Бұған дейін Түркістан облысында жүкті әйелдерді ерте скринингтен өткізуге арналған «Бір күндік клиника» іске қосылды. Ал «Әлемді көремін» атты екі жоба аясында Шымкент пен Түркістан қалаларындағы перинаталдық орталықтар шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға және емдеуге арналған жабдық алды. 2026 жылғы наурыздан бастап Түркістаннан шыққан нәрестелерді лазерлік ем алу үшін Шымкентке немесе Алматыға апарудың қажеті жоқ.


«Балалар медицинасында көп айтыла бермейтін мәселелер бар. Алайда олармен бетпе-бет келген отбасылар үшін бұл үлкен сынаққа айналады. Мұндай жобалар қомақты инвестицияны қажет етеді, дегенмен көмек салыстырмалы түрде аз ғана балаға керек болуы мүмкін. Біз «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының қолдауын ерекше бағалаймыз. Қор біздің: аурудың сирек кездесуі баланың қажетті емді алу-алмауын анықтамауы тиіс деген ұстанымымызбен келіседі. Біз дәл осындай өзгерістер үшін жұмыс істейміз», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдан Сулейменова.


«Бірінші болуға батылдық» қорының мұндай жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі Almaty Marathon қатысушыларының арқасында бар: тіркеу жарналарының бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады. 2026 жылғы 27 қыркүйекте өткен мерейтойлық жарысқа 66 елден 16 000 жүгіруші қатысты. 2012 жылдан бері қор спорт алаңдарын салудан бастап медициналық мекемелерді заманауи және оңалту жабдықтарымен жарақтандыруға дейінгі 30-дан астам қайырымдылық жобасын жүзеге асырды.


2026–2027 жылдары қорлар құны 160 млн теңге болатын «Әлемді көремін» жобасының жаңа кезеңін – бесінші бірлескен жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне Қазақстанда алғаш рет қолданылатын инфант-томограф орнатылады. Ол шала туған баланың көз торқабығын наркозсыз және көзге жанаспай, қабат-қабатымен көруге, сондай-ақ ауруды ең ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын бұл аппаратпен шамамен 700 бала тексеруден өте алады.


Редакцияға арналған ақпарат


«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры


«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры 2012 жылдан бері Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру шарасы – Almaty Marathon ұйымдастырып келеді. Қор Алматы, Астана және Түркістан қалаларында жылына тоғызға дейін жүгіру жарысын өткізеді. Бір маусымда қор ұйымдастырған старттарға 40 мыңнан астам адам қатысады.


Жүгіру жарыстарынан бөлек, қор жүгіру мәдениетін дамытады: тегін ашық жаттығулар өткізеді, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жарыстарға қатысуды қолжетімді етеді және әйелдерді жүгіруге көбірек тартады. Тіркеу жарналарының бір бөлігі жыл сайын қайырымдылық жобаларына бөлінеді. 2012 жылдан бері 30-дан астам жоба жүзеге асырылды, ал 2026 жылы ғана қайырымдылыққа 142 млн теңге бағытталды.


AYALA қайырымдылық қоры


AYALA қайырымдылық қоры – неонатологияға маманданған Қазақстандағы жалғыз қайырымдылық қоры. 2007 жылдан бері қор ана мен баланы қорғау саласындағы жобаларды жүзеге асырып келеді.


Қордың мақсаты – неонаталдық өлім-жітімді азайтуға және балалардың туғаннан бастап мүгедектікке ұшырауының алдын алуға бағытталған мемлекеттік бастамаларға қолдау көрсету. Қор жұмыс істеген уақыт ішінде денсаулық сақтау саласындағы жобаларға 3,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, жаңа туған нәрестелерге арналған 68 реанимация және қарқынды терапия бөлімшесін жабдықтауға көмектесті, сондай-ақ 4,8 мыңнан астам медицина маманын оқытуды ұйымдастырды.


БАҚ өкілдеріне арналған байланыс:


Василина Атоянц, «Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының PR-менеджері


prmanager@almaty-marathon.kz


+7 707 401 4379


Арайлым Сауытбекова, AYALA қайырымдылық қорының PR-менеджері


arailym@ayala.kz


+7 702 360 6002


Поставьте лайк публикации или поделитесь ею в социальных сетях!

Заметили ошЫбку или мертвую/неактивную ссылку?

Выделите проблемный фрагмент мышкой и нажмите CTRL+ENTER. В появившемся окне опишите проблему и отправьте уведомление Администрации ресурса.

Похожие статьи

Комментарии (0)

Оставить комментарий

Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.