Алматы, 2026 жылғы 24 маусым. Алматыда мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жинау және қауіпсіз кәдеге жарату (утилизациялау) жөніндегі қалалық жүйенің алғашқы жұмыс жылында 1 171 килограмм1 мерзімі өткен және пайдаланылмаған дәрілік препараттар жиналып, жойылды. Алғашқы жылдың басты нәтижесі – қалада дәрі-дәрмек қалдықтарымен қауіпсіз жұмыс істеудің алғашқы ауқымды жүйесінің құрылуы болды. Бұл жүйе жергілікті бастамаларды жаңа деңгейге көтерді. Енді сала алдында тұрған басты сұрақ – Қазақстан бұл мәселеде жергілікті бастамалардан жүйелі шешімге көшуге дайын ба?
Жобаны қалалық пилоттық форматта дамытуға бастамашы болған STADA фармацевтикалық компаниясының қолдауымен ECO Network экологиялық ұйымы жүзеге асыруда. Алматы қаласының әкімдігі де бұл жобаны маңызды экологиялық бастама және бизнес пен мемлекеттің тиімді серіктестігінің үлгісі ретінде атап өтіп, қолдау көрсетіп келеді.
Жоба іске қосылғанға дейін Алматыда дәрі-дәрмек қалдықтарын жинау бастамалары үзік-үзік сипатта болып, қала бойынша бірыңғай жинау жүйесін қамтамасыз ете алмаған еді. Бүгінде Алматыда 38 тұрақты жинау пункті жұмыс істейді, оның 36-сы қалалық емханаларда орналасқан. Құрылған инфрақұрылым тұңғыш рет фармацевтикалық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеудің толық тізбегін — препараттарды тұрғындардан жинаудан бастап, оларды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз кәдеге жаратуға дейінгі процесті жолға қоюға мүмкіндік берді.
Құрылған жүйенің өміршеңдігі тек инфрақұрылыммен ғана емес, медициналық ұйымдардың белсенді қатысуымен де дәлелденіп отыр. Satbayev University еріктілерінің қатысуымен өткен тәуелсіз аудит 34 емхананы қамтыды. Медициналық мекемелердің 70%-дан астамы жобаға жоғары деңгейде атсалысқанын көрсетті, ал бұл бастаманы қолдаудың орташа бағасы 5 ұпайдан 3,94-ті құрады.
Жобаның табысты болуына медицина қызметкерлерінің белсенді қатысуы маңызды рөл атқарды. Көптеген емханаларда дәрігерлер мен тіркеу бөлімінің қызметкерлері бұл бастаманың басты бағыттаушысына айналып, емделушілерге мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді дұрыс кәдеге жаратуға көмектесті. Жинау бойынша ең жоғары көрсеткішті №1, №23 және №4 қалалық емханалар көрсетті, бұл мекемелердің әрқайсысында жиналған препараттардың көлемі 70 килограмнан асты.
Жиналған препараттар осындай қалдықтармен жұмыс істеуге қажетті барлық лицензиясы мен рұқсаты бар компанияға өткізіледі. Кәдеге жарату (жою) арнайы инсинераторлық жабдықта жүзеге асырылады: бұл процесс негізгі жану камерасын және бөлшектердің толық жануы мен газ ағынын қосымша тазарту жүретін екі кейінгі жану камерасын қамтиды. Мұндай көп сатылы жүйе атмосфераға бөлінетін қалдықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді және фармацевтикалық қалдықтардың экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жойылуын қамтамасыз етеді.
Бірінші жылдың нәтижелері жобаны жергілікті бастама аясынан шығарып, сала алдына басты сұрақты қойып отыр: Алматыда қалыптасқан бұл модельді ұлттық деңгейдегі жүйелі шешімнің негізіне қалай айналдыруға болады?
Алматы тәжірибесі бұл бастамаға деген сұраныстың жоғары екенін ғана емес, құрылған модельдің тиімділігін де дәлелдеді. Бүгінде ECO Network пен STADA жинақтаған тәжірибесімен және құрылған инфрақұрылымымен бөлісуге дайын, бұл фармацевтика нарығының басқа да қатысушыларына бастамаға қосылып, оның дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді. Келесі кезеңде жоба бір ғана компанияның бастамасы аясынан шығып, салалық деңгейге өтеді, онда оның бұдан былайғы дамуы нарықтың барлық қатысушыларының бірлескен күш-жігерімен айқындалатын болады. Жобаның алдағы табысы саланың күш біріктіруге, жоба ауқымын кеңейтуге және жергілікті бастаманы тұрақты ұлттық шешімге айналдыруға дайындығына байланысты.