2026 жылғы 15 шілде, Алматы – Алматыда үй жануарларына арналған азық пен күтім саласындағы жетекші сарапшы Purina бренді (Nestlé Purina PetCare – Nestlé S.A. компаниялар тобының құрамына кіреді) ұйымдастырған «Канекей, көмектесейік» қайырымдылық арт-пикнигі өтті. Іс-шара қала тұрғындарын, жануарларды қорғау ұйымдары мен мамандарды бір алаңға біріктіріп, панасыз жануарларға жаңа отбасы табуға қолдау көрсетуге, сондай-ақ қоғамда үй жануарларына жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамытуға бағытталды.
Іс-шара қонақтары 14 жануарлар панасынан әкелінген иттер мен мысықтармен танысып, олардың өмір тарихын білді, сондай-ақ паналар өкілдерімен және үй жануарларын күту саласындағы мамандармен кездесті. Арт-пикник нәтижесінде 36 жануар жаңа отбасын тапты. Жануарларды асырап алуға ниет білдірген азаматтар мамандардан оларды үйге бейімдеу, дұрыс күтіп-баптау және жауапкершілікпен қарау жөнінде жан-жақты кеңес алды.
Арт-пикник аясында қонақтарға ветеринарлық кеңес беру алаңы, груминг аймағы және кинологтың алаңы жұмыс жасады. Мұнда келушілер үй жануарларының денсаулығы, күтімі, тәрбиесі мен жаңа ортаға бейімделуі бойынша мамандардың кеңесіне жүгінді. Сонымен қатар, білім беру бағдарламасы аясында үйге жаңа жануарды қабылдауға дайындық, оның алғашқы күндері жайлы бейімделуіне қолдау көрсету және дұрыс күтім жасау тақырыптарында ашық дәрістер ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, келушілерге балалар мен ересектерге арналған шығармашылық шеберлік сабақтары, фотоаймақтар, аквагрим және музыкалық бағдарлама ұсынылды. Мұның бәрі арт-пикникке отбасылық мерекенің ерекше атмосферасын сыйлап, қала тұрғындарына уақытты пайдалы өткізуге әрі панасыз жануарларға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
Purina PetCare Еуразия өңірі бойынша бизнесті дамыту менеджері Александр Каменский:
«Биыл «Канекей, көмектесейік» қайырымдылық арт-пикнигі сегізінші рет ұйымдастырылып, Алматының игі дәстүрлерінің біріне айналды. Біз жануарлар паналарына, еріктілерге және іс-шараға келген әрбір қонаққа шынайы алғысымызды білдіреміз. Әсіресе, үй жануарын асырап алған жандарға ғана емес, жануарларға қамқорлық жасау мәдениеті туралы көбірек білуге ниет танытып келген барлық қатысушыларға ризамыз. Өйткені үй жануарларына жауапкершілікпен қарау – ең алдымен оларды түсінуге және олардың қажеттіліктерін білуге деген ұмтылыстан басталады», – деді.
Саидова Снежанна Юрьевна, «Амиго» баспанасының ресми волонтері:
«Бір күннің ішінде ондаған отбасы болашақ үй жануарларымен танысты. Әдетте мұндай нәтижеге жету үшін бірнеше ай қажет болады. Біз үшін мұндай іс-шаралар жануарларға жаңа отбасы табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, адамдарға панадан үй жануарын асырап алу оңай, қауіпсіз әрі жауапты шешім екенін көрсетуге де ықпал етеді. Осы бастаманың жылдар бойы жалғасып, ауқымы кеңейіп келе жатқаны үшін Purina брендіне және барлық серіктестерге алғысымызды білдіреміз», – деді.
«Канекей, көмектесейік!» қайырымдылық арт-пикнигі Purina брендінің үй жануарларына жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бастамаларының бірі. Осындай жобалардың арқасында жыл сайын панасыз жануарлардың сүйіспеншілікке толы жаңа отбасын табуға мүмкіндігі артып келеді.