Alma-City » Все новости » Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы Жастар хабы ашылды

Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы Жастар хабы ашылды

Шымкентте ЮНИСЕФ-тің алғашқы Жастар хабы ашылды

20 қарашада Шымкент қаласында, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында Қазақстандағы ЮНИСЕФ республикадағы алғашқы Жастар хабын салтанатты түрде ашты. Бұл — жастардың білім алуына, әлеуметтік жобалар жасауына және балалардың құқықтарын қорғау мен жергілікті қоғамдастықтарды дамытуға бағытталған волонтерлік бастамаларға қатысуына мүмкіндік беретін заманауи кеңістік. Хабтың ашылуы жыл сайын 20 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік балалар күніне орайластырылды.

Мұндай жобаны іске қосу үшін Шымкент қаласының таңдалуы кездейсоқ емес: Қазақстанда жастардың (14-34 жас) үлесі жалпы халықтың шамамен 28%-ын құрайды. Ал Шымкент қаласында халықтың орташа жасы 27,8 жасты құрайды, бұл — ел бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі және жастар белсенділігінің жоғары әлеуетін көрсетеді.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы, доктор Рашед Мұстафа Сарвар атап өткендей: «Шымкент — жастар әлеуеті айқын қала. Біз осында ЮНИСЕФ-тің алғашқы хабын ашып, жастардың білім алып, дамуына және өз қаласының өміріне үлес қосуына мүмкіндік беретін кеңістік құрғанымызға қуаныштымыз».

Хаб — Қазақстандағы ЮНИСЕФ, Шымкент қаласының әкімдігі және университет арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі. Салтанатты рәсімге Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар, әкімдік өкілдері мен жоғары оқу орнының басшылығы қатысты. Ресми ашылу барысында ЮНИСЕФ пен университет арасында Шымкенттің жас тұрғындарына арналған жаңа кеңістіктің іске қосылуын бекітетін әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

ЮНИСЕФ-тің Жастар хабы — бұл жай ғана ғимарат емес, дағдыларды, көшбасшылықты және азаматтық белсенділікті дамытуға арналған тұрақты алаң. Мұнда жастар өзекті әлеуметтік тақырыптар бойынша білім алып, медиаконтент жасап, экологиялық акцияларға қатыса алады, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің өмірін жақсартуға бағытталған өз бастамаларын әзірлеп, жобаларын жүзеге асыра алады. Хаб құрылымы оқу аймақтарын, топтық жұмыс кеңістіктерін және білім беру контентін жасауға арналған медиа-студияны қамтиды. Олардың барлығы техникамен, сондай-ақ бала құқықтары, көшбасшылық, экология және менталдық денсаулық бойынша материалдармен және әдебиеттермен жабдықталған.

Осындай хабтар құрылып жатқан «ЮНИСЕФ Жастары» бағдарламасы қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер көрсетті. Бүгінгі таңда тек 2025 жылдың өзінде қатысуға 9 500-ден астам өтінім берілді, 3 000-нан астам жас оқудан өтті, волонтерлер 500 тоннадан астам қоқыс жинап, 10 000-нан астам ағаш отырғызды және бүкіл ел бойынша 100 000-нан астам балаға ағарту сабақтарын өткізді. 2025 жылы бастамалардың медиа-қамтуы 1 миллион адамнан асты.

Шымкенттегі хабтың ашылуы жастар волонтерлігін дамытуға жаңа серпін береді. Осы күні қатысушылар интерактивті сессияларға, бала құқықтары бойынша квиз-ойынға және әрбір бала үшін қауіпсіз орта құрудағы жастардың рөлін талқылауға қатысып үлгерді.

ЮНИСЕФ мұндай кеңістіктер белсенді жастар үшін маңызды тартылыс орталығына айналып, өз қоғамдастығын өзгертуге және балалардың құқықтарын қорғауға дайын жас көшбасшылар буынын қалыптастыруға көмектесетінін атап өтеді. Хаб тек серіктес университеттің студенттеріне ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларына, басқа жоғары оқу орындарының студенттеріне және жас мамандарға, яғни қаланың 16-35 жас аралығындағы барлық жастарына ашық.

Шымкенттегі ашылу — жастардың әлеуметтік бастамаларға қатысуын күшейтетін және жастардың үні естіліп, идеялары жүзеге асатын орта қалыптастыратын бүкіл ел бойынша жастар хабтарының тұрақты желісін құру жолындағы тағы бір маңызды қадам.

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Біз серіктестерімізбен бірге 190 елде және аумақта осы міндеттемелерді іс жүзіне асыру үшін жұмыс істейміз. Бұл ретте біз ең осал және оқшауланған балаларды қамтуға ерекше назар аударамыз. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық балалардың игілігі үшін қызмет етеміз.
 ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ ақпаратты www.unicef.org сайтынан таба аласыз.
 Біздің InstagramFacebook және Twitter парақшаларымызға жазылыңыз.


Поставьте лайк публикации или поделитесь ею в социальных сетях!

Заметили ошЫбку или мертвую/неактивную ссылку?

Выделите проблемный фрагмент мышкой и нажмите CTRL+ENTER. В появившемся окне опишите проблему и отправьте уведомление Администрации ресурса.

Похожие статьи

Комментарии (0)

Оставить комментарий

Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.